Әйел тағдыры мен үміті


Арқалық қаласындағы
     №2 Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы
Абонемент бөлімі.


           
                 Б.Майлин
                  / 1894-1938 /


Әйел тағдыры мен үміті
   Бейімбет Майлиннің  
«Шұғаның белгісі »шығармасы
                бойынша оқырман  конференциясы







Әйел тағдыры мен үміті.
Бейімбет Майлиннің  «Шұғаның белгісі »шығармасы бойынша оқырман конференциясы
(Б.Майлиннің туғанына 120 жыл толуына орай
Б.Майлин - қазақ әдебиетінің көш басында тұрған алыптар тобының көрнекті өкілі, бір өзі туған әдебиетіміздің бір байтақ әлемі.
Б.Сарбалаев

Мақсаты: Оқырмандарға жалындаған жас ғұмырын еліне, халқының болашағына арнап, қазақ халқының күйінің тұмшалаған қараңғылығына налып, білімді, сауатты, жан - жақты оқыған, жаңашыл қоғамның өмірін аңсап, армандап кеткен  ақын Б.Майлинің  шығармаларын насихаттау,
«Шұғаның белгісі » шығармасын оқып, талдай отырып, оқырмандардың қоғамға деген көзқарасын айқындау, бағыт - бағдар беру. Кітапты оқуға деген қызығушылықтарын, сүйіспеншіліктерін арттыру.
Көрнекілігі: Ақынның суретін, ақынның еңбектерінен, ақын туралы жазылған естеліктерден кітап көрмесін ұйымдастыру,  слайдтар жасап көрсетіліп тұру.

І. Кіріспе
Б.Майлин - мұрасы көл-көсір, парасатты прозашы, көркем әңгіме шебері.

ІІ. Негізгі бөлім:
1.      Б. Майлиннің өмірі мен ақындық жолы.
2.      Бейімбет Майлин – суреткер ақын
3.       Шығарманың қазақ әдебиетіндегі алатын орны және тарихи маңызы.
4.      Майлин әңгімелері – ауыл өмірінің көркем шежіресі
5.      «Шұғаның белгісі» - қазақ прозасының үздік үлгісі
6.      Шығарма кейіпкерлерін қазіргі заманмен байланыстыра салыстыру.
7.      Менің қиялымдағы - «Шұға» атты тақырыпта ой бөлісу

ІІІ. Қорытынды бөлім.
Б.Майлиннің қазақ әңгімесін дамытудығы сара жолы ұрпақ еншісінде.


                                                                                                                          Құрметті оқырман қауым!         
 Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптасты -руға айтарлықтай үлес қосып, биік белеске шығарысқан аса көрнекті суреткер жазушы, ақын, әрі драматург Бейімбет  Майлин —туғанына биылғы жылы 120 жыл толмақ. Сөз өнерінің алтынқорына жататын туындылар берген бірегей дарын. Замандастары: "Маңдайына түскен шашын сұқ саусағына орай ширата отырып, жазудан бас алмайтын еді", — деседі. Сондықтан да кемел қаламгердің қыршын жаста — қырықтың төртіне жетер-жетпесте — дүние салғанына қарамай, атағы да зор, артына қалдырған әдеби мұрасы да аса бай.
Арнау: С.Тұрғынбеков  «Бейімбет»
Өмірбаяны. Болашақ қаламгер 1894 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жердеазіргі Қостанай облысы, Тобыл ауданы, Майлин кеңшары) туған. Екі жасында әкесі қайтыс болып, күн көріс үшін шешесі бір байға сауыншылыққа жалданады. Жетілерге келгенде Бейімбеттің өзі де әлгі байдың қозы-лағын бағып, соңынан ат-арбасына делбеші болады. Сөйтіп, ол жоқшылық зардабын өзі де әбден біліп-танып, кәрі әжесі мен анасының зарлы кейістіктерінен, құдайға шағынуларынан тітіркене тұншығып өседі. Алуан түрлі аңыздар мен ел іші әңгімесін мол білетін, өмір тауқыметін әсерлі етіп өлеңге айналдыратын әжесі немересінің жасынан қисынды, қызық сөзге, әдебиетке зауықты болып өсуіне әсер етсе керек.
Алғашында ауыл молдасынан оқып, қара таныған зерделі де орнықты бала өзі талпынып, сол ауылдағы татар мұғалімінен  сабақ алады. Содан кейін 16—18 жастарында жақын жердегі Әбдірахман Арғынбаев деген кісінің медресесінде оқиды. Білімге құштар Бейімбет осымен тоқтап  қалмай, 1913-1914 жылдары Троицкідегі Уазифа” (“Міндет'') мектебін бітірген соң, 1914 жылы Уфа қаласындағы Медресеалияға түседі. Онда әйгілі оқымыстылар, жазушылар Мәжит Ғафури, Ғалымжан Ибрагимов (бертінде — 90-жылдардың басында қайтыс болған) дәріс беретін. Әйгілі башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш пен Мағжан Жұмабаев та осы медреседе қатарлас оқыған. Медреседе шығьш тұрған "Садақ" атты қолжазба журналдың 1914 жылы 3-санында Бейімбеттің тұңғыш туындысы — "Шұғаның белгісі" хикаяты жарияланады. Проза жанры қазақта енді ғана тәй-тәй тұра бастаған кезде жиырма жасар жігіттің бірден осыншалық көркем, әсерлі хикаят жазуы зиялы қауымды таң-тамаша қалдырады. Бұл хикаят өзінің барша асыл қасиеттерімен осы күнге дейін тамсандырьш келе жатқан татымды туынды болып қалып қойды. Бейімбет сол жылдары орыс тілін үйреніп, орыстың классикалық әдебиетімен танысады. Бірақ ол денсаулығына байланысты оқуын аяқтай алмайды. Емделу жағдайымен Троицкіге барады (1915 ж.), ондағы "Айқап" журналына өлеңдер бастырып, журналдың шығарушылары: Мұқамеджан Сералинмен, өте дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровпен жүздеседі. Ауылында мұғалім болып жүрген кезінде қазақ жастарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы 1916 жылғы аты шулы патша жарлығына қарсы бүкіл ел көтерілгенде, Бейімбет Майлин ұлт-азаттық көтерілісін жақтап, азаматтарды атқа қонуға шақырған өлеңдер жазады. 1917 жылғы ақпанда патшаның тақтан түсуін, қазақ елінің азаттық алуына мүмкіндік туды деген оймен, қуана қарсы алады. Елді мал деп, мансап деп, немесе бай, кедей болып бөлініп, ала ауыз болмай, тұтас ұлттың мүддесі жолына жұмылуға шақырады.
Бұрынғыдай байың, жарлың шашылма!
Бірлікпенен жұмыс атқар, басыл да!
Азын-аулақ миың болса басыңда,
Партия, штат, дау - шарыңды қой,  қазақ! — дейді. Бұл сөздің бүгінгі күн үшін де ешбір ескірмегенін дәлелдеп жату артық. Кеңес өкіметі орнап, халықты тырп еткізбей, өз ырқына көндіргеннен кейін Бейімбет те жаңа тіршілік жағында болып, ауылдық жердегі жұмыстарға қатысады. 1922 жылдан бастап мерзімді баспасөзде жұмыс істеп, сол кездегі астанаОрынборда шығатын газеттерде әңгіме, өлең, очерктері шығып тұрады. "Шұғаның белгісі" хиқаяты журналда жарияланып, өлеңдер жинағы жарық көреді. 1923 жылы Қостанай қаласында "Ауыл" газетін шығарысады, сол кездегі қазақпрозасының айтулы табысы саналған белгілі "Раушанкоммунист" хикаяты алғаш рет сонда басылады. Үкіметтің арнайы шақыруымен 1925 жылы жаңа астана — Қызылордаға келіп, республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарады. 1934-1937 жылдарыазақ әдебиеті" газетінің редакторы болады, өмірінің ақырына дейін 1934 жылы құрылған Қазақстан жазушылар одағының басшылық құрамында болып, әдеби істі ұйымдастыру, жас таланттарды тәрбиелеу жұмысына аянбай ат салысады. Жазудан жалықпайтын майталмен суреткердің ірілі-уақты талантты туындылары күн құрғатпай дерлік жарық көріп жатады. Туған елінің Қазан төнкерісіне дейінгі және одан кейінгі өмірін, ондағы өзгерістер мен олардың терең себептерін, адамдарының психологиясы мен мінезін жетік білетін сұңғыла талант иесінің қаламынан туған өлең, поэмалары, соның ішінде, әсіресе төңкерістен кейінгі қазақ кедейінің типтік бейнесін табиғи сомдаған "Мырқымбай" топтамасы, қысқа да қызықты әңгімелері, әйгілі "Шұғаның белгісі", "Раушанкоммунист" хиқаяттары, "Азамат Азаматыч" романы, "Талтаңбайдың тәртібі", "Майдан", "Неке қияр", т.б. драмаларыбәрі жиналып келіп, ауыл өмірінің біртұтас көркем күнделігі, ғажайып суреттің шежіресі іспетті. Даңқты замандастары Бейімбет шығармашылығын солай қабылдап, солай бағалады да. 1933-1936 жылдары жарық көрген төрт томдық шығармалар жинағын қоса алғанда, көзі тірісінде Б. Майлиннің елу шақты жеке кітабы шыққан. Бұл жағынан кезінде оған теңдес басқа қазақ қаламгері болған емес. Ерен талант, біртоға мінезді ерінбейтін еңбеққор жазушы 1937 жылы нақақтан қамауға алынып, 1938 жылдың ақпанында, өзінің даңқты қаламдас, түйдей құрдас-достары С. Сейфуллин, I. Жансүгіровтермен бірге тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.

 «Кім білмейді»
«Майдан», «Жалбыр», «Шұғаны?»
Бейімбетті айтқызбай жұрт ұғады.
Қаламынан өріп жатқан шығарма
Біреуінен бірі артық боп шығады.
Қасым Тоғұзақов ағамыз айтқандай,
 «Шұғаның белгісі» шығармасына тоқталайық.
Көрініс---------------------------------------------
 Өзінің проза жанрындағы тұңғыш туындысы—"Шұғаның белгісі" хикаятын Б. Майлин жасы жиырмаға толар-толмаста "Садақ" атты қолжазба журналда жариялайды. Соған қарамастан, бұл шығарма күні бүгінге дейін қазақ прозасының айтулы үлгілерінің бірі болып қалып отыр. Егер ол кез — 1914—1915 жылдары — қазақ прозасының жаңа ғана бой көтере бастаған балаң шағы екенін ескерсек, онда мұндай ғажайып туындыны қолына жаңа қалам ұстаған шәкірт талапкердің дүниеге әкелуі танымдық тұрғыдан да ерекше қызық кұбылыс. Хикаятта ескі қазақ қоғамындағы кезекті мәселе — әйел теңсіздігі, бірін-бірі сүйген жастардың махаббат бостандығы әңгіме болады. Әлеуметтік теңсіздік кедергі болып, армандарына жете алмаған байдың қызы — аяулы Шұға сұлу мен кедейден шыққан мақтаулы, оқыған жігіт Әбдірахманның қайғылы тағдыры суреттелген. Есімбек бай қызын кедей жігітке бергісі келмей, олардың жолығысуына тыйым салады. Онымен де тынбай, өтірік жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Осындай қатыгез зорлықтан ішкұса болған нәзік жанды Шұға айықпас дертке шалдығып қайтыс болады. Айдаудан босатылған Әбдірахман сүйікті ғашығы — Шұғасына асығып жеткенде, қайран арудың қазасының үстінен шығып, бордай егіледі, өзіне қалдырған хатын оқып, көз жасын көл етеді... 
Осы қысқа қайырымды оқиға сүйіскен жастар бостандығын қолдап, оған ерік бермейтін ескілікті сынайтын, ғасырға жуық уақыт бойы оқырмандарын тамсандырумен келе жатқан сұлу да сырлы, әсем де әсерлі хикаятқа қалай айналған десеңізші! 
Хиқаят күзгі табиғаттың әсем суретінен басталады: "Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалысу бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастады". Баяндаудың осы бір жайма шуақ әуені әсерлі әңгіменің нышанындай сезіледі. 
Әрі қарай "біз" дегеннің бірі — автор, екіншісі — "отыз-қырықтың шамасындағы жер ортасы адам" — Қасымжан деген "сиректеу сақал-мұрты бар, қара бұжыр" кісі екенінен хабардар болып, біршама портреттік белгілерін де біліп аламыз. Әңгімешінің мінген атының үсті-үстіне ұрып отырмаса, кейін қалып қала беретін қырсау, ал тыңдаушының атының "жүргіштеу... жортақтау" болуының өзі де оқырманның хикая қызығына деген ынтасымен әуендестік танытады... 
"Жел артымыздан еді" деген де алдағы әңгіме қызығына асықтырғандай әсер етеді. 
Ал әншейін ғана: "Пішініне қарағанда, бір түрлі сөйлемпаз адам" дей салғаны да әлденендей бір қызық оқиғадан дәмелендіре түседі. Әне, сол "Пішініне қарағанда, бір түрлі сөйлемпаз адам" "сөзді бастап та жіберді": "Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... онда бірдәурен...иә... бұл елдің күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы барып, тамызға дейін отыратын жайлауымыз, бұл көл де "Шұғаның белгісі" атанды, бұрын "Тарғыл өгіз сойған" деуші едік. ... Есімбек сол "Өгіз сойғанның" ең шұрайлы жеріне қонушы еді.... Ортан қолдай төрт ұлы болды—шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды, Шұға десе, Шұға  ! Шұға, өй, шіркіннің өзі келбетті-ақ еді..." 
Жазушының әңгімені Шұға жайына көшіруі мен шеберлігі де сондай тартымдыәрі көп мағыналы. 
-       Мынау аттан түсіп жатқан кім?—деді Шұға. 
-       Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім: 
-       Әбдірахман ғой, — дедім. 
-       Әбдірахманың кім? 
-       Қазақбайдың баласы. 
-       Иә, әлгі учителъ баласы ма? 
-       Иә. 
-       Жап-жас жігіт екен ғой, — деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті. 
Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның сығалап, бізге қарап тұрғаны білінді..." 
Бұл шағын үзіндіден Шұға қыздың сергек сезімталдығы мен есті дегдарлығын сыртынан естуі бар жігітті көргендегі сәл таңырқаныспен жарыса жан түкпірінде пайда болған ынта ұшқынын, ендігі оқиғаның бәрі осы ұшқыннан өрбитінін аңдап, жалғасына ынтыға түсеміз.  Шынында да, ендігі жерде Шұға мен Әбдірахман арасындағы сүйіспеншілік оқиғасы бірте-бірте трагедиялық сипат алып, бүкіл хикаяттың отты өзегін құрайды. Шұғаның да, Әбдірахманның да оқырманды қатты сүйіндіріп, ынтықтыратын сыр-сипаттары нәзік те терең ашылады. 
Шұға — сертіне берік, сезімі мөлдір, махаббатын өміріндей қастерлеген нұрлы сана иесі. Ол өмір талқысын көріп, шынықпаған, өктем, зорлықшылдармен қалай күресудің жолын да білмейді, сондықтан ызасы мен наразылығы ішкі күйігіне айналған. Әкесінің Әбдірахманды айдаудан босатқанын естіген кездегі қатты сырқат Шұға мен Қасымжан арасындағы мына диалогті оқып көрелікші. 
-       Жайың қалай, тәуірмісің?—дедім. 
— Тәуір емеспін, — деді. Көзіме көзі түсіп кетіп, қамыққандай болды,.. — Тәуір емеспін. Тәуір болуды 
тілемеймін де. Сәлем, сәлем айт, — деді. Жылап қоя берді. Жастығының астына тығылған орамалымен көзін сүртті.           
— Тірі келсе, көресің ғой, бірақ мен... 
—... Бәріміз де көреміз. Ажарыңыз тәуір ғой, жазыларсыз, — дедім. 
—  Жазылып керегі не? Бәрібір мен бақытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң аяп отыр. 
Шұғаның бұл сөздерінен сүйгені Әбдірахманнан айырылуды өмірге деген үміт отының сөнгені деп санайтынын аңғарамыз. Жазушы шеберлігінен туған осы түйсік бізді алдамағанына көп ұзамай көзіміз жетеді. 
"Біз ауылға жеткенде, Беркімбайдың үйінің қасы лық толған адам екен. Атты байлап, Әбдірахманды үйге кіргіздім де, неге жиналып тұрғандарын білейін деп, аяңдап кісілерге қарай жүрдім. Жақындай бергенде, бір салт атты шоқытып келді де, айқайлап бірдеме айтып, кейін жүріп кетті. Не айтқанын есіте алмадым. Бірақ әлденеге жүрегім тітіркенді. Бойым мұздады... Жүгіре басып жандарына келгенімде: "Құдай рақымет етсін!.," деп беттерін сипап, бата қылысты. Мен аң-таң болдым, Айтбай маған қарап: 
Есіттің бе, Шұға қайтыпты-ау, — деді. Суық суды төбемнен құйып жібергендей болды. Тұрған орнымда қаттым да қалдым... Жиылған жұрттың бәрі де бастарын шайқасты: 
Өй, Шұға десе,Шұға еді-ау!..—десті".                          
Ал енді осы Шұғаның үзілер алдында Әбдірахманды шақырып қалдырған арыздасу хатын оқып көрейікші: 

... Хаты деп ақтық жазған ғашық жардың, 
Есіне ал, дұғаңа мен ынтызармын. 
Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз, 
Астында ақ туының пайғамбардың!.. 

Қандай арман-мұң, қандай шерлі сыр, қандай салтанатты сабыр! Хатты оқып, Әбдірахманмен бірге егілген үстіне егіле түсеміз, сонымен бірге біздің көз алдымызда алтын арайға бөленген асыл Шұғаның нұрлы бейнесі биіктей, асқақтай береді. 
Біз онымен іштей күбірлеп қоштаса тұрып, алғаш рет қалай кездескенімізді есімізге түсіреміз: 
Шұға десе, Шұға, өй, шіркінің өзі де келбетті-ақ еді... Аққұба, талдырмаш, көзі қап-қара. Осы үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін!" 
Көкірегімізде тағы да бір жатталып қалған сурет бар еді ғой... "Апырмай адамзатта да ондай сұлу болады екен-ау! ...Аққудың көгілдіріндей, осы аппақ... Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгектермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан бөрік өзі сұлу адамды мүлде жандандырып, құбылдырып тұрды". 
Ал осы ару Шұғаның әсем үні, тәтті лебізі қандай еді? Асыл текті нәрсе әманда аз, сирек болады емес пе. Артық сөзге жоқ асыл зат жан еді-ау. Аузынан шыққан сол аз ғана лебізі көкейімізде ұялап қалған. Әбдірахманды алғаш көргенде-ақ Шұға жүрек түбінде бүлк еткен бір ыстық толқынды жасыра алмай: "Жап-жас жігіт екен ғой", — десе, айдалып бара жатқан Әбдірахманға жолдан кездесіп қалғанда: "Қош, қалқам, калқам! — деп, кемсеңдеп, жылап отыра кететіні бар еді-ау". Ақырғы демі таусыларда, Әбдірахман "жаным шығарда: "Шұғам!" — деп бетіме бетін тигізсе, бар арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер ем", — дейді. Осы үш үзік лебіз Шұға бейнесін даралай, ажарлай түседі, мұндай аз сөзді, ыстық сезімді, терең мәнді мәнер тек Шұғаға ғана лайық, Шұғаға ғана жарасатындай. Дүниеден озған аяулы жан туралы, бір күрсініп алып, біз де енді: "Өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!.." — дейміз. 
 Хикаянның басты қаһармандарының бірі — Әбдірахман бейнесі де ескі қазақ ауылынан шыққан көзі ашық, көңілді сәулелі оқыған жастардың келбетін танытады. 
  "Шұғаның белгісі" — жастардың теңдік, еркіндікті аңсап, әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы үн көтере бастағанын шынайы бейнелеген шығарма. 
Біріне-бірі себеп, бірінің-бірі салдары болып жымдасып келген оқиғаларының шынайылығы мен тартымдылығы, шұрайлы да суретті тілінің сиқырлы мәнерлілігі, әсіресе махаббат бостандығын аңсап әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққан Шұға мен Әбдірахман бейнелерінің айырықша сүйкімділігі мен сәулеттілігі, сондықтан да олардың тағдыр-талайының трагедиялық әсерлілігі хикаяны көркемдік-эстетикалық деңгейі ең биік туындылар қатарына қосады
«Шұғаның белгісі» шығармасы бойынша талқыланатын сұрақтар.
1.     - Бейімбеттің әйел теңдігін жырлаған шығармаларын ата.
2.    Шұғаның шығу тарихы туралы не білесің?
3.     Қос жолаушы кімдер?
4.     Бай қызы Шұғаны қалай суреттеген?
5.     Алғашқы кездесулері қалай өтті?
6.     Учитель Әбдірахман аталу себебі?
7.     Шығармадан қызықты күндерді қалай суреттеген?
8.     Айнабайдың бүлігі аяғы неге апарып соқты.
9.     Ғашық жүрек (хатын оқу)
10.                       Шұға мен Әбдірахманның арманы неліктен орындалмады?
11.                        Шұғаның айықпас дерті
12.                        Үзілген үміт. Соңғы хат. «Шұғаның белгісі»
13.                       Қыз бен жігіт арасындағы шынайы махаббаттың өміршеңдігіне мысал келтіре аласыздар ма?


Үлкен суреткер артына тамаша туындыларын қалдырды. Олбүгінде де қазақ оқырмандарының ең көп оқитынызығып оқитын жазушыларының бірі. Қазақ прозашыларының қазіргі таңдаулы саңлақтары Бейімбет Майлинді өздеріне ұстаз санайды және оның шеберлігінен үздіксіз үйренеді
 Қорытындылау
Конференциямызды ұлы сөз зергеріміз Ғ. Мүсіреповтің: «Жазушы үшін кейіпкердің үлкен - кішісі болмайды. Мәселе оны қалай суреттеп шығуында. Бейімбеттің бұл жөнінен төрт құбыласы сай. Кейбір әдебиетшілер осы мәселенің байыбына бара алмай жүр. Бейімбетті тани алмау – ештемені тани алмау...» деген сөзімен қорытындыласақ дегім келеді.


                                        Абонемент бөлімінің кітапханашысы

1 комментарий:

  1. Мен өмірімде мұндай кереметті көрген емеспін.
    Күйеуім мені және 5 жасар баламды 9 айдан астам қалдырды.
    Мен күйеуіме деген сүйіспеншіліктің арқасында оны маған қайтару үшін әртүрлі жерден көмек сұрадым, бірақ ешқандай айырмашылық болмады. Анам мені ( DR DAWN ) таныстырғанша бұл дәрігер күйеуім мен оған бәрін түсіндіріп бергеннен кейін 48 сағаттан кейін маған оралады деп уәде берді, ең таңғаларлығы күйеуім 48 сағаттан кейін маған қоңырау шалып, кешірім сұрады. ол мені енді ешқашан тастамайтынын айтты, мұның бәрі доктор DAWN-ге рахмет, өйткені мен 3 жылдан астам уақыт бойы күйеуіммен бақыттымын және ол маған патшайымдай қарайды,
    Қандай да бір мәселе туындаса, DR DAWN компаниясына хабарласыңыз.

    *СҮЙГЕНІҢІЗДІ ҚАЙТА АЛУ ҮШІН.
    *ТАТЫСУ ҮШІН
    *ЖҮКТІ БОЛУ ҮШІН
    *РАК ауруын емдеу үшін
    *КЕК АЛУ ҮШІН
    *Бизнесті ілгерілету үшін
    *АҚША/МҮЛІКТІ ҚАЙТАРУ ҮШІН
    *АИТВ/ЖИТС НЕМЕСЕ БАСҚА АУРУДЫ ЕМДЕУ ҮШІН.
    Онымен хабарласыңыз: dawnacuna314@gmail.com
    Whatsapp: +2349046229159

    ОтветитьУдалить

Көпшілік іс-шара/Массовые мероприятия

Общее·количество·просмотров·страницы

Translate

Wikipedia

Результаты поиска