Өнерімен нұрланған өлке


              Өнерімен нұрланған өлке
                                     Қала күніне тарту.
                             Электронды көрмеге шолу
                                           сценариі

Кіріспе:
       Торғай даласы өзінің әсем табиғатымен, шежіре тарихымен, тұнған өнерімен кеңінен танымал өлке. Қазақ елінің, өлкеміздің аса көрнекті тұлғалары – осы киелі жердің перзенттері осы өңірде тұрып жатқан жергілікті халық үшін –  зор мақтаныш.  Тарихқа, мәдениетке, өнерге деген құрмет туған елді мақтан тұтумен ғана шектелмей, ежелгі салт-дәстүрімізді дәріптеп, ата-бабаларымыздың аманат еткен құндылықтарын сақтаудың да маңызы – кітаптармен де жалғасын табатынын «Өнерімен нұрланған өлке» тақрыбындағы кітап көрмесі арқылы айшықтайды..
Көрме «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» демекші, әркім өз туған жерін сүюі, оны мақтанышпен жырлай білуі де азаматтығы. Жерлесіміз Молдатай Жапаров ақынның «Торғайым – алтын бесік» кітабынан Торғайдың бір түйір тас, бір тал шөбіне дейін жырға қосуынан-ақ, ол кісінің тағдыры, өзінің кір жуып, кіндік қаны тамған атамекені – киелі  Торғайына, Торғайдың тума талант өнердегі тұлғаларына арнаған   өлең жолдарымен ашылады.
І-бөлім: «Өнер өз топырағында ғана гүлдейді»
 Дәйек сөз:          «Талай нәубет жылдары
                              Қара бұлт болып өткен жер
                              Бірліктен тауып бақытын
                             Аңсаған күнге жеткен жер
                             Ахаң менен Жақаңды,
                             Ғафу, Сырбай, Ақаңды,
                             Бақытжан, Болат, Сейітті,
                             Ұрпағы мақтан еткен жер»
                                                                 Молдатай Жапарұлы
Өнердің қайнары халықта екені ақиқат.
- 2006 жылы Алматы «Арыс» баспасынан басылған « Костанайская область» Энциклопедиясында Арқалық қаласының тарихынан бастау алып, Өнерде, мәдениетте  ойып орын алатын тұлғалар берілген. Сол себепті Энциклопедия көрменің бет ашары болып тұр.
Қазақ халқының қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың
1993 жылы Алматыда басылып шыққан «Жоқтау» кітабы Ахмет Байтұрсынның өзінің көзі тірісінде жарық көрген, сондай-ақ ауыз әдебиеті мұраларын ұдайы жинап, өңдеген тынымсыз ізденісінің бір бөлігі ретінде танылған «23 жоқтау» бұл жоқтауларды бастырғанда Қазақ тарихының төрт жүз жылын алған. Кітапты баспаға дайындаған Ахмет Байтұрсыновтың немересі  А.Байтұрсынұлы атындағы Қордың президенті Самырат Кәкішев.
Келесі кітап Күнімжан Байқадамованың «Байқадамовтар әулеті» атты деректі хикаяты. Кітап Алматы қаласы «Білім» баспасында 2009 жылы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі бағдарламасы бойынша шығарылған. Автор алаш ардақтарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Байқадам Қаралдиннің өмір жолы мен әулеті, бауырлары Айсұлу, Данабике, Бақытжан туралы баяндайды. Естеліктер, нақты деректер мен фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан алынған.
Бөлімде қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамовтың 90 жылдығына орай шығарылған «Бақытжан Байқадамов» деген дискі бар. Бұл еңбек «Асыл мұра» гуманитарлық жоба бойынша «Кока-Кола» өкілдігінің қаржылай көмегі арқасында жарық көрген. Дискі мен қосымша шағын кітапша берілген. Мұнда композитордың өмірбаяны, өнердегі жолы, шығармашылығы, соңында қалған туындылары туралы айтылған.
   Белгілі ақын, жерлесіміз Сырбай Мәуленовтың кітабы  бар. Кітап Алматы қаласы «Жазушы» баспасында 1972 жылы шығарылған. Кітаптың екінші томында ақынның таңдамалы еңбектері 10 бөлімнен тұрады. Әр бөлім жеке бір тақырыптан тұрады, сол бойынша өлеңдері дараланған екен. Мысалы: туған жерге, дос-жаранға, табиғатқа, жыл мезгілдеріне, белгілі бір тұлғаларға арналған.
   Сан қилы өнер иесі торғайлық композитор, білікті дирижер Болат Хамзин туралы «Сезім сыры» атты кітап бар. Бұл естелікті баспаға әзірлеген сазгердің қызы Ләззәт Хамзина. Кітап Алматыда «Арқас» баспасында 2005 жылы басылған. Кітапта сазгер Болат Хамзиннің шығармашылығы және осы кісінің көзін көрген ағайын-туыс, дос-жаран, елге белгілі азаматтардың естеліктері берілген. Кітап фотосуреттер және әндерімен толықтырылған.
   Торғайдың сыршыл да сазды сазгері Болат Хамзиннің өмірі мен творчестволық жолына арналған тағы бір кітап бар. Ол Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ұстазы Жақсыгүл Бөлтірікованың «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты еңбегі. Кітап Алматыда «Полиграфия-сервис и К» баспасында 2006 жылы басылып шығарылған. Сазгердің шәкірттері мен замандастаы  жылы лебіздерін, ой-пікірлерін білдірген.
   Әубәкір Қылышбайұлы «Бас кеспек болса да...»
Қостанай қаласы «Шапақ» баспасы, 2005 жыл. Торғай өңіріне қаламы жүйрік журналист, қарымды қаламгер ретінде танымал болған Әубәкір Қылышбайұлының өмірдерек хикаяттары берілген. Жарты ғасырдан астам қолынан қаламы түспей заман ағымына, өмір талабына орай әр кездері шалымды ойымен, айта білер, жеткізе білер сүбелі сөзімен үн қосып келген жазушы. Бұл кітап шұрайлы тілмен өріліп, айқын оймен айшықталған.
 Сейіт  Кенжеахметовтің «Мірдің оғы : Сықақ өлеңдер, мысалдар, бірқақпайлар кітабы Алматы қаласы «Жазушы» баспасы, 1990 жылы шыққан. Белгілі сықақшы ақын Сейіт Кенжеахметовтың бұл кітабында таңдаулы сықақ өлеңдері, мысалдары жинақталған. Автор жағымпаздық, парақорлық. екіжүзділік т.б. осындай адами кемшіліктерді сынға алады.
   Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. – Алматы : «Алматыкітап» ААҚ, 2004 жылы басылған. Үш тілдегі этнограф, жазушы Сейіт Кенжеахметұлының бұл еңбегінде қазақ мәдениеті мен мінезін, тұрмыстық салт ерекшеліктерін даралап, 350-ге жуық әдет-ғұрыптың түрлері көрсетіліп, талданған.
         Кенжеахметұлы Сейіт. Қазақтың дарқан дастарқаны – Алматы : «Алматыкітап» ЖШС, 2005 жылы басылған. Қазақтың ежелгі ұлттық тағамы, оны дайындау тәсілі, ол туралы әдет-ғұрыптары, ырым, тыйымдары мен түсініктері бар. Кітап үш тілде.
     Әлім Қайсар. Актер тағдыры. – Астана : Фолиант, 2008. – 504 бет.
Бұл кітап – жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің дарабозы Әнуар Боранбаевтың тайғақ кешулі өмір жолынан сыр шертеді.
 Мұқатов А. Ғажайып ғұмыр: мақалалар, лебіздер, сықақ өлеңдер, аудармалар. – Алматы: «Тоғанай Т», - 2013 жылы шыққан. – 144 беттен тұратын бұл кітап халыққа өткір тілді сықақшы, домбырашы, әнші ретінде танылған қаламгер Амантай Мұқатовтың бұл екінші кітабы. Торғай жерінің біртуар азаматтарына арнаулары, авторға деген жылы лебіздер, сықақ өлеңдер, тілектер, әндер, пародиялар жинақталған.
     Байқадамовтар әулеті, Сырбай Мәуленов,  халық сазгері Бақытжан Байқадамов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, сазгер Болат Хамзин, қарымды қаламгер Әубәкір Қылышбайұлы,  Қазақстан Республикасының халық әртісі Әнуар Боранбаев, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы, әуезді әнші, сықақшы -Амантай Мұқатов туған елінің кәусар ауасын жұтып, өнерімен өмір сүріп, келер ұрпаққа өздерінің ұмытылмас сара жолдарын салып кеткен  дарабоздар.


ІІ. «Өнермен нұрланған өлке» кітап көрмесінің екінші бөлімі:
              «Өнерде өз соқпағын салған тұлғалар»
 Дәйек сөзі жерлесіміз, ақын Молдатай Жапарұлының
             «Қазақтың әні қандай, күйі қандай
            Қалдырған бабалардың сыйы балдай.
            Байланып сансыз көздер сахнаға
           Сырлы өнер сиқырында ұйығандай»
бір шумақ өлең жолдарымен көркемделді.
Екінші бөлімге өлкеміздегі өнер жолында еңбек етіп жүрген, басылым беттерінде жарияланып жүрген, өлкеміздің мақтанышы, тұлғалардың кітаптарын ұсынамыз.
Бірінші: өлкеміздің өмірін, тарихын, мәдениетін, өнерін шертетін кітабына тоқталайық: «Қостанай облысы Торғай аймағы көрікті жерлерінің ақпаратты бағдар тізбесі», «Информационно-маршрутный каталог достопримечательностей Костанайской области Торгайского региона» - Қостанай: ЖШС «Шапақ» баспасы, 2011жылы басылған.Кітап – 122 бетті, қазақ, орыстілдерінде жазылған.
   Бұл кітап көне Торғай өлкесіндегі танымал ұлы тұлғалар, тарихи, мәдени орындар, ерте кезеңдердегі көне ғимараттар мен кесенелер, бақсы,әулие кісілердің бейіттері, табиғат ерекшеліктері, емдік бұлақтар, олардың атаулары мен шығу тарихы жөнінде мағлұмат береді.
       Байділдаұлы Шөптібай.
Қазақтың ою-өрнектері. Альбом (1-кітап). Алматы: «Өнер», 2006 жылы басылып шыққан. – 160 бетті бұл альбомға халық шеберінің ұзақ жылдардан бері ізденіп жүріп ұлт өнерінің терең дәстүрлері негізінде өз қолымен жасаған ою-өрнектерінің үлгілері берілген.
   Байділдин Шөптібайдың «Ою ой, өрнек сал» екінші кітабы Екібастұздан, 2011 жылы басылған. – Қол-өнер шеберінің екінші кітабы – 194 беттен тұрады.
   Кітапта оюшының оюлары әр түрлі тақырыптарға бөлініп берілген. Автор туралы қысқаша мәлімет, кітап жайында пікірлер бар.
   Байділдин Шөптібайдың тағы бір кітабы «Санаулы ғұмырымдағы санаулы ойларым». – Екібастұздан 2011 жылы басылып шыққан кітап – 416 беттен тұрады. Қолөнер шебері, оюшы Шөптібай Байділдиннің бұл еңбегіне бұрын баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, өлкеге байланысты зерттеу мақалалары енгізілген. Өнер туралы дана сөздер, мақал-мәтелдер бар.
 Келесі кітап:  «Бабалар үні»: күйлер мен әндер жинағы - Айтбай  Мұздаханов жайлы әңгімелейді. Жинақты құрастырған әрі күйлерді нотаға түсірген – Анар Мұздаханова, ноталардың ред. Тексерген және компьютерде терген – Қарасай Ахметұлы.
- Астана: «Сарыарқа» баспасынан  2008 жылы басылып шыққан кітап – 122 беттен тұрады. Бұл жинаққа елімізге белгілі композитор, ҚР-ң мәдениет қызметкері Айтбай Мұздахановтың еңбектері еніп отыр. Ән, күйлері ноталарымен  ұсынылған.
      Белгілі әнші, сазгер  Қалибек Деріпсалдиннің Айлы түнде : әндер жинағы.
Қостанай қаласы «Қостанай баспа үйі» ААҚ, 2002 жыл басылған.  – 136 бетті .
ҚР-ң еңбегі сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің бұл жинағына туған жерге деген сағыныш, отан, әке, ана, махаббат тақырыбына арналған лирикалық әндері топтастырылған.
Қалибек Деріпсалдинның келесі кітабы «Торғай әуендері» : Топтамалы ұжымдық әндер жинағы 2007 жылы басылып шыққан. 230 беттік бұл кітабында жерлесіміз, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин Қостанай облысы Торғай, Аманкелді, Амантоғай, Арқалық өңірінде шыққан сазгердің әндері нотасымен және өнер адамдарының өмірбаяндары бар.
       Ұстаз, әнші  Жақыпбекова Қарлығаштың «Тағдырға алғыс - өнеріне серік еткен» Қостанай қаласы «Шапақ»баспаханасы,нан 2010 жылы басылып шыққан. – 144 беттен тұрады. Ұстаз,әнші Қарлығаш Жақыпбекқызының бұл кітабында автордың өмір жолы, ұстаздық еңбегі, шәкірттері, жеткен жетістіктері баяндалады. Кітап үш бөлімнен тұрады, мұғалімдерге, көпшілік қауымға арналған.
      «Менің туған өлкем»- «Мой край родной» кітабы жылда өтетін облыстық «Мой край родной» атты фестивальда лауреат, дипломант атанған әнші, композиторлардың әндері сөздері ноталарымен   жинақталған. Композиторлардың, ақындардың еңбектері 1996-жылдан жинақталған.
   Жақсанов Оразалының «Қазақтың өнер жұлдыздары». Ой – толғамдар, мөлтек сырлар. – Қостанай «Қостанай баспа үйі» ЖШС-нан баслған, 2008 жылы шыққан кітап – 152 бетті.
Белгілі бұл қаламгердің жинағына еліміздің мәдениеті мен өнеріне мол үлес қосып келген атақты әртістер, композиторлар, әншілердің өмірімен қатар, жас дарын өнер иелері жайлы жазылған кітап.
       Екінші бөлімде өлкенің өнер тарландарына жеке –жеке тоқталған.
Бейнелеу өнерінде ойып орын алып жүрген мүсінші –Әбілбек Ұзақұлы, қолөнерде сырлы , оюшы, қолөнер шебері– Шөптібай Байділдин, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,сазгер, әнші Жұмағали Өмірбеков, күйші-домбырашы Айтбай Мұздаханов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, домбырашы, қобызшы, дирижер Бораш Әбенов,  композитор, әнші Қалыбек Деріпсалдин, ұстаз, әнші Қарлығаш Жақыпбекова,  т.б. өнер жампоздары орын алған.
 Өз туған топырағында атадан-балаға жалғасқан қасиетті  өнердің алтын тінін үзбей мұрагері ретінде ілгері дамытып келе жатқан елміз. Арқада, анығы Торғай, Арқалық өңірінде осындай тамаша талантымен тәнті етіп келе жатқан өнер тұлғаларымен бізде мақтанамыз.
ІІІ. Көрменің үшінші бөлімі:
                      «Туған жеріне табынған ұрпақ»
Дәйек сөзі:  «Жырымның жастар рух алсын дедім
                    Жатталып ел жадында қалсын дедім.
                    Кешегі бабалардың өшпес даңқы
                    Жалғасып ғасырларға барсын дедім»
- деген Молдатай Жапарұлының өлең шумағы алынды.    
 Үшінші бөлімге бүгінгі күнде өнерлерімен дараланып жүрген, болашақтарында туған жер өнері мен мәдениетін насихаттауда топ жарып жүретін өнерлі жастар жайлы жинақталған папкалар ұсынылады.
Ұстаз, ақын Сейтқали Оташовқа арналған «Өлең - өмір мәңгілік үзілмейді» атты папка ақын шығармашылығына арналған.
Ақын, сатирик, журналист – Мұрат Жүнісұлына арналған «Торғайдың тулап аққан толқынындай» атты  папкасы оқырман қауымға жиі ұсынылады. Облыстық және қалалық, басқа да жазбаша жыр мүшәйраларынның бірнеше дүркін лауреаты Мұрат Жүнісұлы сонымен қоса скечтер жазумен де айналысады. Ақын, жүйрік қаламгер бүгінде  «Қостанай таңы» облыстық газетінің Арқалық қаласындағы меншікті тілшісі.
Торғай өлкесі, қазақ елі үлкен үміт күтетін жас ақын, айтыскер ақын Азамат Мәлжанбай шығармашылығына арнап «Қазақтың азаматы, айтыстың қазанаты» тақрыбында папқа ашылды. Папкада Азамат Мәлжанбайдың өлеңдері, ол жайлы жазылған тілек, сөз, мақалалар жинақталған.
      Молдатай Жапарұлының  «Торғайым - алтын  бесік» кітабы жаңа кітап болғандықтан осы көрме арқылы бетін ашып, тұсауын кесіп жатырмыз.  
 «Торғайым – алтын бесік» кітабына өлеңдер, естеліктер, арнаулар жинақталған. Қостанай қаласынан 2013 жылы басылып шыққан кітап – 87 беттер тұрады. Молдатай Жапарұлының бұл кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде елге, туған жерге деген махаббат, ел азаматтарына арналған алғыс пен құрмет. Екінші бөлімде торғайдың тарихи тұлғаларына, өнер және мәдениет қызметкерлеріне арналған жыр жолдары жазылған.
                   «Орта жүз Ұзын Қыпшақ арғы затым
                    Жеткізген ағалардың жырмен датын
                   Шора Қаз Бекбауылдың белбаласы
                  - Молдатай Жапарұлы менің атым» -

«Торғайым – алтын бесік» кітабының авторы Молдатай Жапарұлының жаңа
кітапбының тұсауы кесіліп, электронды кітап көрменің үш бөліміне ақынның өлең шумақтары дәйектеме сөз етіп алынды.
Өнер бөлімі экран арқылы ұсынып жатқан  кітаптарды өз қорынан алып насихаттады. Өнер саласының бейнелеу, сурет, музыка, театр, кино саласында бар әдебиеттерді  көрмеге пайдалану арқылы өлкеміздің өнердегі  тұлғаларын жақын танып білу үшін оқырмандарды бөлімге шақырады.
     Туған жер әрбір адамның ең талмау тұсы, бір уыс топырағы, мынау қысқа тіршіліктегі ең қимас мекені. Адамда ана – біреу, Отан – біреу, ендеше туған жерде жалғыз ғой. Өйткені балалығыңның іздері сонда, ата-бабаңның қорымы сонда... Туған жердің тұз-дәмі бәрібір өзіне тартатынын өзекті жанның бәрі біледі. Әлімсақтан бері солай, бүгін де солай, солай болады...
Өнер өлмес мұра. Өнерімен нұрландырған өлкемізді нұрландыра берелік. Өнер  осылай жалғасады.  Ізденіп оқиық, көңілге тоқиық, ұрпаққа рухани білім беруге еңбектенейік.
Рахмет!

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Көпшілік іс-шара/Массовые мероприятия

Общее·количество·просмотров·страницы

Translate

Wikipedia

Результаты поиска